20.08.2017

Қазақстан кондитерлерінің бірінші форумы

«Рахат» АҚ-ының конференция залында Қазақстан кондитерлерінің бірінші форумы өтті. Отандық кондитерлер алғаш рет республикамыздағы кондитерлік саланың даму мәселелерін талқылады.

Форумға еліміздің жетекші кондитерлік компаниялары – «Рахат» АҚ, «Баянсұлу» АҚ, «Хамле», «Қарағанды кәмпиттері» АҚ және басқа ұйымдардың өкілдері де қатысты. Қазақстан кәсіпкерлері салалық ортақ мәселелерді, экспортты арттыру және кондитерлік өнімдерді отандық нарықта импортпен ауыстыру жағдайларын талқылады, сонымен қатар тауарлық белгілерді пайдаланудағы даулы мәселелерді шешу тақырыбы да қозғады.

«Рахат» АҚ экономика және қаржы жөніндегі директоры Зәуреш Төлеубаева: «Ассоциация аясында біз бәрімізге ортақ мәселелерді талқылай аламыз, жекелеген шешілуі қиын сұрақтардың жауабын бірге іздестіріп, осы саладағы пікірлерді жүйелеп, өзіміздің жобаларымыз бен ұсыныстарымызды мемлекеттік атқару органдарына жібере аламыз»,- деп атап өтті.

Қазақстанда кондитерлік өнімдерді өндірудің орташа көлемі 180 мың тоннаны құрайды, оның 30 %-ы экспорт бойынша жөнелтіледі. Ішкі өнім өндіру 183 тоннаны құраса, оның 85 %-ы төрт ірі компанияға тиесілі. Көшбастаушы «Рахат» АҚ 80 мың тонна, «Баянсұлу» АҚ 47 мың тонна, «Алматы өнімі» ЖШС 16 мың тонна, «Хамле» 13 мың тонна өндірген, яғни барлығы 156 мың тонна өнім осы ең басты төрттіктің еншісінде. 2016 жылғы мәліметтер бойынша нарықтың көлемі 227 мың, ішкі өндіріс 183 мың, импорт 112,8 мың, экспорт 68,8 мың тоннаны құраған.

Қазақстан кондитерлері ассоциациясының Президенті Алихан Талгатбек 60%-ды құрайтын өндіріс жүктемесінің төмендігі, 50% шамасындағы импорттың айтарлықтай үлесі, білікті мамандардың жетіспеуі, ірі шетелдік холдингтермен бәсекелестік, ұзақ мерзімді қаржыландыру көзінің жеткіліксіздігі осы саладағы басты қиындықтар болып саналатынын айта келе: «Ұлттық экономика министрлігіне Салық кодексінің 126-бабына кондитерлік саланы қосу туралы мәселе бойынша өтініш білдіргіміз келеді, кәсіпорындардың қаражатын үнемдеуге және оларды қаржы тартуға, құрал-жабдықтарға жұмсауға бұл зор мүмкіндік тудырар еді. Кондитерлік сала кәсіпорындарының Қазақстан даму банкісі мен «Даму» қоры арқылы жүзеге асатын мемлекеттік бағдарлама аясындағы ұзақ мерзімді несиелік ресурстармен және төменгі пайыздық мөлшерлемелермен қамтамасыз етілуін, сонымен бірге оларға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тұрғыдан жәрдем ретінде қаражат берілуін сақтау керек»,- деп ой қорытты Ассоциация басшысы.

Форумға қатысушылар сала бойынша техникалық реттеу мен техникалық регламенттердің Еуразиялық одақ аясындағы өзгерістері тақырыбын қозғады.