29.05.2013

«INTER FOOD-2013» халықаралық көрмесі

2013 жылғы 10 -12 сәуір аралығында Санкт-Петербург қаласында «Рахат» АҚ-ының өнімдері қойылған «INTER FOOD-2013» халықаралық көрмесі өтті.
Компания экспозициясы қазақстандық әйгілі фабрика шығаратын алуан түрлі кондитерлік өнімдермен кең ауқымда айшықталып, көрсетілім танымал өнім түрлерінен дәм татуға ұласты.
Көрмеге келушілер жаңа кәмпиттер желісіндегі кілегей-ваниль дәмі бар, белокпен бұлғанған қоспадан жасалған, жылтыратылған «Айсұлу» және шоколад қосылған «Айсұлу шок» кәмпиттерінің дәмдік сапасына толық түрде баға берді.
Тұтынушылар мен қатысушы кәсіби мамандар, әсіресе, республикаға ғана емес, одан шет аймақтарға да бұрыннан белгілі, айрықша мәнге ие «Казахстанский» шоколадының дәмін татуға асықты.
«Рахат» АҚ өнімі Санкт-Петербург қаласы нарығында 2011 жылы пайда болды. Содан бері «солтүстік астана» тұрғындарының тәттілерімізге деген сұранысы тұрақты. Дәмі мен құрамдық ерекшелігіне қарай олар басқа да әйгілі брендтік кәмпит өнімдерінен кем түспейді, сондай-ақ бәсекеге тұрарлық баға кондитерлік өнімдерді сатып алушылар назарын аударады.
Өнім 2011 жылдан бастап «Рахат» АҚ-мен ынтымақтастықтағы «Алатея» сауда үйімен бірлесе отырып көрмеге ұсынылды.
Осы екі жыл ішінде «Алатея» СҮ Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысына, бүкіл Солтүстік-Батыс федералдық өңіріне «Рахат» АҚ өнімдерін көтерме сауда түрінде жеткізуді ұйымдастырып, сондай-ақ қаладағы бөлшек сауда нүктелерімен жұмыс істеп келеді.
Алматылықтар өте дәмді кәмпиттер мен карамельдер, алуан түрлі шоколадтар жасап қана қоймай, көрермен қауымға оларды көркем де оңтайлы түрде жеткізудің жолын таба білетіндігін тағы бір дәлелдеді.
Көрмені ұйымдастырушылар тарапынан «Рахат» АҚ «Үздік үлгідегі көрсетілім үшін» дипломына ие болды.